Наурыз мейрамы

 

 

Наурыз мейрамы – Шығыс халықтарының көпшілігінде көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі болып тойланады. Наурыз - парсы сөзі, қазақшасы «Жаңа жыл», «күн» деген ұғымды білдіреді. 22 наурыз - бүкіл Шығыс халықтарының мерекесі. Бұл – күн мен түннің теңелетін, қардың еріп, көктің шыға бастайтын кезі. Наурыз күнін адамдар жаңа жылдың басы- «Ұлыстың ұлы күні» деп атап, зор қуанышпен қарсы алған. Наурыз күні халық таза киініп, бірін-бірі құттықтап, қуаныш дастарқаннын барынша мол жаяды. Орта Азияны мекендеген қазақ, ұйғыр және басқа да халықтар Наурыз дәстүрін, оны өткізу ғұрыптарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келген. Тәжіктер «Гүлгардон», «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган» десе, гректер «Патрих» деп атағаны белгілі.

Қазақстанда Наурыз мейрамы 1926 жылдан кейін алғаш рет 1988 жылы тойланды. Халық Наурыз мейрамына жақсы дайындалады. Наурыз - діни мейрам емес, жалпы халықтық мереке. Наурыз - табиғат мейрамы, аса зор салтанат, ұлы жиын. Адамдар бұл күні «бәріміз де табиғат перзентіміз, оны аялайық, бергеніне риза болайық», -дейді.

Бұл күні қандай күнә болса да кешірілуге тиіс, жеке адамдар арасындағы бас араздықтар да кешірілуге тиіс. Ерте кезде Орта Азия әкімдері: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді», -деп зынданда жатқан тұтқындардың қол- аяғын босатып, кешірім берген.

Мереке алдында әрбір үйде ақ дастархан жайылып дәмді тағамдар қойылады. Наурыз көже - азықтың жеті түрінен жасалады. Бұл қазақ тіліндегі «жеті» сөзімен байланысты шыққан. Жеті түрлі азық-түліктің түрі: ет, бидай, тары, күріш, тұз, сүт,  май. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Қазақстанның әр жерінде көженің құрамына салынатын азық-түлік әр түрлі болғанмен, жетіден аспауы керек.

Наурыз мейрамында айтылатын бата мен тілектер:

1.     «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!»

2.     «Наурыз береке әкелсін!»    

3.     «Наурызға ақ жол!»

4.     «Ақ мол болсын!»

1. Жаттығу. Мәтіндегі  тойлау, риза болу, қосылу етістіктерін  келер және бұрынғы өткен шақта жіктеңіз.

2. Жаттығу. Наурыз мейрамында айтылатын қандай бата және тілектерді білесіз. Оларды аударып, мағынасын түсіндіріңіз.

3. Жаттығу. Мына сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдаңыз. Наурыз мейрамы – Шығыс халықтарының көпшілігінде көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі болып тойланады.

 

         Қоңырау

 

 

  Қоңырау, электр қоңырау, ішкі дыбыс беру үшін пәтердің кіре берісіне орнатады. Қоңырау көбінесе электр магнитті болады. Ол электр магниттен, балғашалы якорьден, металл табақшадан (немесе пластинкадан, не қоңыраудан) тұрады. Қоңыраудың түймесін басқан кезде электр тогы электр магнитінің орамдарынан өтіп, балғашалы якорь арқылы қоңыраудың металл пластинасына соғылады. Қоңырауды құрастырғанда оның дыбысын реттеу қарастырылмайды. Дегенмен, егер қажет болса, қоңырау табақшасына бірнеше қабат изоляциялаушы лентаны желімдеп оның дыбысын бәсендетуге болады. Қонырау кернеуі 127 және 220 В болатын айнымалы ток арқылы жұмыс істейді. Пайдалану  кезінде қауіпсіз болуы үшін әдетте қоңыраудың өзіне электр қуатының күшін бәсеңдеткіш трансформатор қойылады. Қоңырау өнеркәсіп орындарына қарап ажыратылады. Кейде қоңырауға жарығы әлсіз шырағдан бірге құрастырылады.

1. Жаттығу. Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар:

қоңырау, соғылады, дыбыс, айнымалы, бәсеңдеткіш, формасы, сыртқы, ажыратылады, шырағдан, бәсең, құрастырылу, түйме, табақша.

2. Жаттығу. Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар

Мысалы: Бәсеңдеткіш трансформатор.

3. Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар, шылау сөздерді және етістерді табыңыздар, түрлерін ажыратыңыздар.

4. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.