Ежелгі қазақ сәулет өнері

 

 

Күмбезді сәулет өнерін, көшіп-қонуға ыңғайлы, жиналмалы ағаш сәулет үйін ең алғаш көшпенділер ойлап тапқан. Оның ең жетілген түрі – қазіргі қазақ киіз үйі. Кезінде біздің ата-бабаларымыз ( ғұндар, сақ, скифтер ) осы үймен күнелтіп, дүниенің түкпір-түкпіріне саяхат жасаған. Бұл туралы атақты тарихшы Геродот өз еңбектерінде дәйекті жазып кеткен.

Барған жерлерінде билік құрып, орныққан кезде елді еске алып отыру үшін, қазақ үйге ұқсас күмбезді әсем сарай, ғибадатханалар салдырып отырған. Көбінесе ішкі сыртқы құрылысы кәдімгі қазақ үйден аумайтын түрін қолданған. Шаңырақ тәрізді төбесінде жарық түсетін тесік – ойық көптеген елде үлгі ретінде тарап, сәулет өнерінің ең бір ұлы жетістігіне, стиліне айналды. Соның бір дәлелі ретінде көшпенділер сәулетіне еліктеп тұрғызылған ежелгі Римдегі құдай үйі – Панжон (біздің жыл санауымыздың  120-125 жылдары салынған). Осындай сәулет ағымын өмірге әкелген көшпенді халық VI-XII ғасырларда ғажайып сәулет өнерін, қала құрылысын жаппай өркендетті. Кезінде шартарапқа әйгілі болған қалалар, атап айтқанда: Сауран, Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және тағы басқалары Жібек жолының бойында бой көтеріп, өркендеген мәдениетімен, ерекше сән-салтанатымен талай елдің саяхатшыларын аузына қаратқан.

1. Жаттығу. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Жаттығу. Ақырғы сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар.

 

Транзистор

 

 

Транзистор – электр тербелістерін күшейтуге, оны тудыруға және түрлендіруге арналып жартылай өткізгіш кристалл негізінде жасалған электрондық прибор. Электрондық лампа (радиолампа мақаласын қараңыз) сияқты қызмет атқаратын транзисторлар одан өлшемінің едәуір кішілігімен, электр энергиясын тұтынудағы аса үнемділігімен, механикалық аса беріктігімен және бүлінбей ұзақ жұмыс істейтіндігімен, бірден әсер етуге әзірлігімен ерекшеленеді. Радиолампа орнына қолданылатын жартылай өткізгіш аспаптар (транзисторлар) негізінде жасалған өте кішкентай радиоқабылдағыштарды көбінесе транзисторлар деп дұрыс атамайды; оның дұрыс атауы – транзисторлы қабылдағыш немесе транзистор негізінде жасалған қабылдағыш.

1. Жаттығу. Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар.

Тербелістер, күшейту, түрлендіру, жартылай, өткізгіш, тұтыну, үнемділігі, қабылдағыш.

2. Жаттығу. Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар.

Мысалы: Жартылай өткізгіш

3. Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар, сын есімнің шырайын және туынды сын есімді табыңыздар.

4. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.