Қазақстанның астаналары

 

 

Қазақ елінің мемлекеттілігінің белгісі – ежелден елді бір жерден басқаратын бас қалалары мен орталықтарының болуында. Бұл қалалардың саяси-экономикалық, әскери-шаруашылық, сауда, ең бастысы ел басқаруда маңызы зор.

Орынбор - тұңғыш астана. 1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылды. Орынбор бас қала болып жарияланды. Орынбор өлкесі ол кезде қазақ жерінің құрамдас бір бөлігі саналатын.

1925 жылы наурыз айында Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшті. Сөйтіп Ақмешіт бекеті, қазіргі Қызылорда қаласы астана болды.

Қазіргі Қызылорда - ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың Отаны. Газ бен мұнай өнеркәсібінің орталығы.

1929 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға көшіп келді. Басын қар басқан Алатаудың етегіне орналасқан табиғатының сұлулығы жағынан сирек кездесетін Алматы қаласы Қазақстан Республикасының орталығы болуға лайық еді.

1854 жылы Кіші Алматы өзенінің бойында іргетасы қаланған. Сол кезде ол әскери бекініс болатын. Алматыға ''Верный'' (''сенімді'' деген мағынада) деген ат берілді. 1921 жылы қалаға ежелгі Алматы аты берілді. 1929 жылы Алматы Қазақстанның астанасы болды.

1997 жылы қазанның 20-сында Н.Ә. Назарбаев ''Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау'' туралы жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-сында Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласы Астана қаласы болып аталды. Осы жылғы маусымның 10-ында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сөйтіп, енді Астана қаласы Қазақстан Республикасының жаңа астанасы болды.

1. Жаттығу. Мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Жаттығу. Ақырғы сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар.

3. Жаттығу. Мәтіннен есімшені тауып, түрлерін ажыратыңыздар.

4. Жаттығу. Жалқы зат есімдерді табыңыздар.

 

Телекоммуникация желісі

 

 

Телекоммуникация жүйелері жиынтығының аумақтық орналасу принципіне, жұмыс істеуі мен бір-біріне тәуелділігіне қарай біріктірілуін телекоммуникация желісі деп атайды. Барлық мемлекеттегі құрастырылатын, өндірілетін және пайдаланылатын телекоммуникация жабдықтарының параметрлерін үйлестіру және телекоммуникация  саласының даму сатысын анықтау мәселесімен Халықаралық Электрбайланыс Одағы (ХЭО) айналысады. ХЭО-ның мақсаты - шартараптық ақпараттық құрылым жасау және соның нәтижесінде телекоммуникацияны шартараптандыру, дербестендіру.

Шартараптандыру - әлемдік шартараптық желі құрып, оған барлық мемлекеттердің және олардың аймақтық, абоненттік желілерін интеграциялау, дербестендіру - UPT (Universal Personal Telecommunication) тұжырымдамасы бойынша дүние жүзіндегі адамдардың барлығына дүниеге келісімен дербес нөмір тағайындалып, әлемдік желіге тіркеледі, ал жолданған ақпарат абонентін іздестіру желі қызметінің зерделілігінің көмегімен автоматты түрде орындалады.

Телекоммуникация желісіне радио, теледидар, телефон желілері және компьютерлік желі жатады. Радио және теледидар желілері тұтынушыларға ақпаратты бір жақты, кеңінен (желіден абоненттерге) тарату қызметін атқарады. Телекоммуникацияның ең алғаш құрылған  желісі - телеграф желісі. Қазіргі телекоммуникация саласындағы ғылыми техникалық жетістіктер аналогты сигналдарды (дыбыс пен бейне) цифрлап, ал цифрланған сигналдарды дестелеп таратудың мүмкіншіліктерін іске асырады.

1. Жаттығу.   Мәтінді оқып аударыңыздар.

2. Жаттығу.  Жаңа сөздерді теріп жазыңыздар, аударыңыздар.

3. Жаттығу.  Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар.

4. Жаттығу.  Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.