Біздің мұражай

 

         Университет тарихының мұражайы 1984 жылы ашылған. Мұражайдың қалыптасуына, дамуына бірінші ұйымдастырушы        А. Н. Лебедев, мұражайдың бұрынғы директоры З.К. Атығаева үлкен үлес қосты. Қазір мұражай директоры - Н. Г. Дьякова.

Мұражайдың қоры тарихи құжаттардың 5000 данасын құрайды. Мұнда бірегей экспозициялар ұсынылған. Оның ішінде Орталық Қазақстанның пайдалы қазбалар кен орындары минералдарының бай және әр алуан коллекциялары бар. Университеттің ғылыми-техникалық прогресінің жетістіктері, жоғары оқу орнының ғалымдары, студенттік отрядтар, оқытудың техникалық құралдары туралы сыр шертетін стендтер, бұрыштар безендірілген. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың оқуы, өмірі және қызметі туралы бай материал ұсынылған. Бірінші қазақ профессоры, математик А. А. Ермековке, академик Ә. С. Сағыновқа арналған бұрыш үлкен қызығушылық тудырады.

Мұражай студент жастарды тәрбиелеуде маңызды роль атқарады, мұнда экскурсиялар өткізіледі, рефераттар дайындауда көмегі зор.

1. Жаттығу. Берілген мәтінді толықтырып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Жаттығу. Мына сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар.

Мұражай студент жастарды тәрбиелеуде маңызды роль атқарады, мұнда экскурсиялар өткізіледі, рефераттар дайындауда көмегі зор.

 

Ажыратқыш

 

 

Ажыратқыш, электр ажыратқыш, конструкциясы бойынша бұралмалы, тұтқалы және түймелі; пайдалануына қарай сыртқы пішіні бойынша ашық және жабық сымды, сондай-ақ электр аспаптарының ішіне орнатуға арналған түрлері болады. Тұтқалы және түймелі  ажыратқыштың клавишті түрі де бар. Стол үстіне қойылған шамға, бра мен торшерге арналған жылжымалы ажыратқыш шынжыр баудың көмегі арқылы іске қосылады. Клавишті ажыратқыш 1,2 және 3 клавишті болады. Оны басуға көп күш жұмсаудың қажеті жоқ, клавишті ажыратқыш жөнді дыбыс шығармай, жақсы жұмыс істейді. Ажыратқышты қондырып қалыпты жұмысына кедергі келтірмейтіндей болуына көз жеткізу қажет. Ажыратқышты таңдау, орнату және айырбастау кезінде желідегі кернеу мен тізбектегі ток оның қорабында көрсетілген (мыс, 6 А 220 В) шамадан аспауы тиіс, әйтпесе ажыратқыш қызып, өрт шығуы мүмкін. Сызды жерде (жертөледе, ұрада) су өткізбейтін арнаулы (қорғаныш тасы бар) ажыратқыштар орнатылады. Ажыратқыш электр аспабына (мыс, шамға) келетін екі сымның (тізбекте ток болмағанда да) біреуін ғана ажыратады. Сым мен аспап кернеулі қалпында қалады. Сондықтан олардың ашық металл бөлігіне жанасу (тиіп кету) қауіпті екенін естен шығармау керек.

1. Жаттығу. Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар.

          Ажыратқыш, бұралмалы, тұтқалы, кнопкалы, жылжымалы, дыбыс, тізбек,  желі, кернеу, сым.

2. Жаттығу. Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар.

          Мысалы: Клавишті ажыратқыш.

3. Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар, тәуелдік жалғаулы сөздерді теріп жазыңыздар.

4. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.