Ә. Бөкейханов

 

 

Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері – бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ә.Бөкейханов Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Ол қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым – Алаш партиясын ұйымдастырады. 1917 жылдың желтоқсанында Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланды. Ол - Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің І Мемлекеттік Думасының және мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым - ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Сөздік:

қайраткер – деятель

ғұлама – ученый

қозғалыс – движение

саяси – политический

ормантанушы – лесовод

өшпестей із қалдыру – оставить вечный след

әдебиеттанушы – литературовед

аудармашы – переводчик

саяси-әлеуметтік – политико-социальный

 1. Жаттығу. Мәтінді оқып, аударыңыз.

 2. Жаттығу. Ақырғы сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар.

 3. Жаттығу.  Берілген мәтінді толықтырып мазмұндаңыз.

 

 Жақып Ақбаев.

 

 

 Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. 1919-1927 жылдары Алаш қозғалысына белсене араласып, осы партия жетекшілерінің бірі болды, әрі Алаш автономиясы бас прокурорының қызметіне ұсынылды. Кеңес өкіметі тұсында 1919-1928 жылдары Семей губревкомында, Сырдария облысы сот мекемелерінде қызмет істеді. 1922-1929 жылдары репрессияға ұшырап, Воронежге жер аударылды. 1909 жылы Петербургте Абай өлеңдері жинағының басылуына қолғабыс жасап, оның ұлы Тұрағұл, інісі Кәкітайға көп көмек көрсеткен. Ақбаевтың «Қазақстандағы семья - неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927) атты ғылыми зерттеулері Абайдың қара сөздеріндегі тұжырымдармен және «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбектерімен үндес.

Сөздік:

құқық – право

үндес – созвучный

сот – суд

тұжырым – заключение

репрессияға ұшырау – репрессированный

жер аударылу – ссылка

белсене қатысу – активно участвовать

 1.  Жаттығу.  Мәтінді оқып, аударыңыз.

 2.  Жаттығу. Осы мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

 

 Радиостанция

 

 

 Радиостанция - радиотолқындар арқылы ақпарат таратуға және қабылдауға арналған құрылғылар кешені. Радиостанциялар тарату, қабылдау және қабылдау-тарату стансалары болып бөлінеді.

Тарату радиостанцияларының құрамына радиотаратқыш, антенна, оларды жалғайтын фидерлік құрылғы, ақпарат тасымалдаушы, дабыл алуға арналған құрылғы және электр энергиясымен қамтамасыз ететін құрылғылар кіреді. Радиотаратқыш пайдалану мақсатына қарай радиохабарлық, теледидарлық, байланыстық арнайы болып бөлінеді. Әр радиостанция белгілі диапозондағы радиотолқында жұмыс істейді.

Қабылдау радиостанциясының құрамына радиоқабылдағыш, антенна, фидерлік жүйе, энергиямен қоректендіру көзі және қабылданған сигналды дыбысқа немесе кескінге түрлендіретін құрылғы енеді.

Қабылдау - тарату радиостанциясы бірнеше станциялар арасында екі жақты байланыс орнату үшін пайдаланылады. Бұл станциялар жедел хат пен телеграфтық ақпараттарды қабылдау және тарату; диспетчерлік байланыс; техникалық жүйелер мен механизмдерді қашықтықтан басқару сияқты мақсаттар үшін қолданылады.

Қабылдау - тарату станцияларының тасымалды, жылжымалы және тұрақты түрлері бар. Тасымалды радиостанциялар шағын және жеңіл, ондаған км қашықтыққа дейін екі жақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жылжымалы радиостанциялар жылжымалы нысандарға (ұшақ, кеме, пойыз, т.б.) орнатылады және қабылдағышы мен таратқышы бір-бірінен бөлек, әр түрлі диапазонда бірнеше антенналар арқылы бір-бірінен жүздеген км қашықтықтағы нысандар арасында көп арналы екі жақты байланыс орната алады.

 

1.     Жаттығу. Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар.

Құрылғы, тасымалдаушы, қоректендіру, кескін, қашықтық,

басқару, жылжымалы, тұрақты, нысан

2. Жаттығу.  Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар

Мысалы: Ақпарат тасымалдаушы.

3. Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар тұйық етістікті және септік жалғауларын табыңыздар.

4. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.

5. Жаттығу. Мына сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар.

Қабылдау радиостанциясының құрамына радиоқабылдағыш, антенна, фидерлік жүйе, энергиямен қоректендіру көзі және қабылданған сигналды дыбысқа немесе кескінге түрлендіретін құрылғы енеді.

6. Жаттығу. Осы мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.