Әлкей Хақанұлы Марғұлан

 

 

Қазақтың ғұлама ғалымы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, профессор. Туған жері қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданы. Әлкей Хақанұлы 1925-31 жылдар арасында Ленинград қаласындағы Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды. Өнер тарихы институтында лекция тыңдайды. Осында оқып жүргенде ол КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Қазақстан мен Алтай халықтарының тарихын зерттеу экспедициясына қатысып, адайлар мен наймандардың әдет-ғұрпын, тұрмысы мен өнерін зерттейді. Оқуын бітіріп келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа алфавит комитетінде ғылыми қызметкер болады.

      Сөздік:

   еңбек сіңірген – заслуженный

   қатысу – участвовать

әдет-ғұрып – традиций и обычаи

          қызметкер – работник

1. Жаттығу. Берілген мәтінді толықтырып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Жаттығу. Мына сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар. Қазақстан мен Алтай халықтарының тарихын зерттеу экспедициясына қатысып, адайлар мен наймандардың әдет-ғұрпын, тұрмысы мен өнерін зерттейді.

 

Радиотелефон байланысы

 

 

Радиотелефон байланысы - телефон хабарларын радиотолқындар арқылы таратуға мүмкіндік беретін электрлік байланыс. Радиотелефон байланысында таралатын дыбыстық тербелістер микрофон көмегімен дыбыстық жиіліктегі электр сигналдарына түрленеді де, радиотаратқыш генераторында  қоздырылған жоғары жиілікті тасымалдаушы тербелістерді модуляциялайды. Модуляцияланған тербелістер электрмагнитті толқын түрінде антенна арқылы кеңістікке таралады. Қабылдаушы антеннада бұл радиотолқындар электр тербелістерін тудырып, ол тербелістер радио қабылдағышта күшейтіледі және кері модуляцияланып сигнал ажыратып алынады. Алынған электр сигналы телефонға жіберіліп, дыбысқа түрлендіріледі.

Радиотелефон байланысы бір-бірінен өте қашық орналасқан жылжымалы нысандар арасында (мысалы, ғарыш кемесі, мұхиттағы кемелер, ұшақтар мен Жер арасында) және алыс орналасқан елді мекендермен, т.б. байланыс орнатуға тиімді.

1. Жаттығу. Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар.

          Радиотолқын, дыбыстық, жиілік, қоздырылған, кеңістік, қабылдаушы,

          күшейтіледі, кері, жылжымалы, ажырату,  ашық.

2. Жаттығу. Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар.

          Мысалы: Электромагнитті толқын.

3. Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар, етіс және етістіктің шақтарын табыңыздар.

4. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.

5. Жаттығу. Мына сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар.

         Алынған электр сигналы телефонға жіберіліп, дыбысқа түрлендіріледі.

6. Жаттығу. Осы мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.