Шоқан Уәлиханов

 

 

    Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, географ, фольклоршы, этнограф, ағартушы, демократ. Ол Омбының әскери кадет корпусының түлегі. Небары 30 жыл ғана өмір сүрген ол өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропа мен Азияға таныстырып кетті. Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Шоқан Қашқардың  экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмыс еді.  Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады. Шоқаннан қалған мұраның бірі – бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің бейнелеу саласындағы, қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеумен айналысқан. одан 150-дей сурет қалған. Шоқан туындыларының бірі «Тезек төре» портреті. Тезек төре – ұлы жүздің сұлтаны. Іленің оң, сол қапталындағы албан, суан руын басқарған, 1850 жылдары. Осындай талғамы жоғары туындыларының қатарына «Потанин портреті», «Қазақтың бейнесі», «Қырғыздардың ат баптауы», «Ұйғырлардың киім киісі» т.б. жұмыстарын жатқызуға болады.

Сөздік:

      ғалым – ученый

      тарихшы – историк

      ағартушы – просветитель

      зерттеуші – исследователь

      шығыс – восток

биік деңгей – высокий суровень

өнер – искусство

сапар – путешествие, поездка

бейнелеу өнері – изобразительное искусство

суретші – художник

   1. Жаттығу. Осы мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

   2. Жаттығу. Мына сөздермен сөйлем құрастырыңдар. Тарих, мұра, туынды.

   3. Жаттығу.  Мәтіннен туынды зат есімдерді табыңыз.

 

    Радиоэлектроника өнеркәсібі

 

 

    Радиоэлектроника өнеркәсібі - электромагниттік толқындардың және электрондық аспаптардың көмегімен ақпараттар шығаратын, тарататын, қабылдап алатын, түрлендіретін және өңдейтін жабдықтар мен құралдар жасаумен айналысатын өнеркәсіп саласы.

    Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын одақ қарамағында болған "Сарышаған" полигонының ғылыми-техникалық кешені, сондай-ақ радиотехникалық бағыттағы кәсіпорындар мен ұйымдар және полигондар негізінде "Қазақстан Республикасының радиоэлектроника және байланыс жөніндегі ұлттық орталығы" ("ҚР РЭБ ҰО") құрылды.

   "ҚР РЭБ ҰО" қызметінің негізгі бағыттары:

    -деректерді жеткізу құралдары мен жүйелерін, телекоммуникацияның сымсыз тораптары мен желілерін, компьютерлік техниканы, ақпаратты қорғау құралдарын, радиоэлектрондық құрылғылардың компоненттерін, қорғаныстық бағыттағы құралдар мен жүйелерді жасау;

    -жергілікті, корпоративтік және таратылған ақпараттық жүйелерді жобалап, өндіріске енгізу;

    -геоақпараттық технологияларды жасау және оларды әр түрлі өндіріс салаларына енгізу.

1.     Жаттығу. Мәтінді оқып аударыңыздар.

2.      Жаңа сөздерді аударып жаттаңыздар:

Аспап, ақпарат,  қабылдау, түрлендіру, өңдеу, құрал-жабдықтар, кешен,

деректер, сымсыз, тораптар, қорғау

    3. Жаттығу. Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар.

Мысалы: Электрондық аспап.

    4. Жаттығу. Мәтіннен туынды сын есімдерді және есімшелерді, көптік жалғаулы сөздерді табыңыздар.

    5. Жаттығу. Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.