Қазақтың ұлттық киімдері

 

 

         Қазақ халқының ұлттық киімдері үш түрге бөлінеді. Олар: бір киер киім, күнделікті киім, жұмыс киімі.

         Бір киер киім деп жиындарға, той – думанға барғанда киетін сәнді киімді атаған. Мұндай киімдер сәндеп тігіліп, жаға, жеңдерін әшекейлеп кестелеген. Олар – ашық түсті көйлек, қамзол, шапан, аң терісінен тігілген ішіктер, үкілі тақия, сәукеле, бөрік сияқты көрнекті киімдер.

Әйелдер  киімі – сәукеле, кимешек, көйлек, қамзол, шапан, үкілі тақия, жаулық, етік, кебіс, мәсі.

Ерлер киімі – бөрік, тымақ, тақия, жейде, шапан, тон, шалбар.

Тақия – ерлердің жеңіл бас киімі. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесінде олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжымнан, ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияның тігілуі бірдей. Ал үшкір төбелі тақияны тіккенде, оның етегін жалпақтығын үш елдей етіп тік төртбұрыш етіп киып алады. Оның төбесі үшбұрыш формалы төрт не алты сайдан құралады. Алдымен оларды тегісін ішіне қаратып  құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады. Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұруы  үшін оның астары мен қос астарын беттестіріп жиі етіп сырады. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдептеп көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеу үшін сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілеп  шалып тігеді.

 Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.

1. Жаттығу. Осы мәтіннің мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Жаттығу. Мынау сөйлемге фонетикалық және морфологиялық талдау жасаңыздар. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.

3. Жаттығу. 4-5 сөйлемге сұраулы демеуліктер арқылы сұрақ қойыңыздар.

 

          Радиоэлектроника

 

 

Радиоэлектроника - ғылым мен техниканың ақпарат тарату, қабылдау және түрлендіру үшін электрмагниттік өріс энергиясын пайдалану мәселелерін қарастыратын саласы. Радиоэлектроника 20 ғасырдың 50 жылдары пайда болды. Ол радиотехника мен электрониканы, оптикалық электрониканы, шалаөткізгіштік электрониканы, микроэлектрониканы, криоэлектрониканы, инфрақызыл техникасын  қамтиды.

Радиоэлектроника автоматика, техникалық кибернетика және электрондық есептеу техникасымен тығыз байланыста. Радиоэлектроникада радиотехникалық тізбектер мен құрылғыларға талдау және синтез жасауға, олардың құрылымы мен параметрлерінің тиімділігін  анықтауға математика кеңінен пайдаланылады.

Радиоэлектрониканың электракустика және электроникамен бірігіп кеткен салалары бар. Қазіргі радиоэлектроника физиканың көптеген салаларымен, әсіресе қатты дене физикасы, радиофизика, оптика және механика сияқты салаларымен тығыз байланыста дамып келеді. Радиоэлектроника ғылым және техникамен қатар өндірісте, медицинада, экономикада  қолданылады.

1. Жаттығу.  Жаңа сөздерді жазып аударыңыздар.

2. Жаттығу.  Осы жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыздар

3. Жаттығу.  Мәтінді оқып аударыңыздар.

4. Жаттығу.  Мәтін бойынша сұрақ-жауап құрастырыңыздар.